Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің 8-26 тобының студенті Ауесханов Рамазан Убайдуллаұлы биыл ғана колледж табалдырығын аттаса да, таңдаған мамандығына бөтен емес.
Рамазанның автомобиль жөндеуге деген қызығушылығы жай ғана әуестік емес — бұл әулеттен жалғасып келе жатқан кәсіп. Атасы бастаған істі әкесі жалғастырса, бүгінде сол жолды Рамазан да таңдаған. Үйіндегі гаражда әкесінен кәсіптің қыр-сырын үйреніп, небәрі 15 жасында көліктерді өз қолымен жөндеп, еңбегімен табыс тауып жүр.
Ол колледжімізде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып, автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик біліктілігін меңгеруде.
Жас болса да, кәсіптің қадірін түсініп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген Рамазанның еңбек жолы Turkistan TV телеарнасының да назарын аударды. Телеарна тілшілері жас маманмен арнайы сұхбаттасып, оның әулеттік кәсіпті жалғастырып келе жатқан еңбек жолын кешкі жаңалықтарда көрсетті.
Рамазанның кураторы — Қазыбаева Гүлмира Қалмұратқызы.
Бүгінгі студент — ертеңгі білікті маман. Ал мамандығын жастайынан жүрек қалауымен таңдап, іс жүзінде меңгеріп жүрген жастың болашағынан күтеріміз мол!
Ата кәсіп — ұрпаққа аманат, еңбек — болашаққа бастар жол!


Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес «Республика күні – ұлттық рухтың жаңғыруы» тақырыбында гуманитарлық әдістемелік бірлестігінің онкүндігінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды.